ҚАЛАУЫН ТАПСА, ҚАМЫС ТА КӘДЕГЕ ЖАРАЙДЫ
10.07.2013 19:51 Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ 047
Жұмыр жерді мекендейтін жеті миллиард адамның энергетикалық сұранысын қанағаттандыру планетамыздың болашақтағы ең бір өзекті проблемасына айналып отыр.
«Жаһандық жылыну үрдісі» атты дәуірлік қауіп те қыр астынан бас көтере бастады. Ғалымдардың пікірінше, осы жүзжылдықтың соңына таман ауаның температурасы 6,4 градусқа жылынып, әлемдік мұхиттардың деңгейі 58 сантиметрге көтеріледі екен. Сондықтан бүгінгі таңдағы түйінді мәселе – дәстүрлі энергетикалық қуат шикізаттарына тиімді балама табу.
Болжам бойынша 2020 жылы әлемдік тұрғыда энергияның барлық түрлеріне сұраныс артып, оны қолдану екі есеге артпақ. Бұған байланысты халықаралық сарапшылар «болашақта көмір тек энергия есебінде ғана қолданып, мұнай шикі күйінде экспорттала беретін болса, аталмыш ресурстардың қоры азаяды. Сондықтан биоэкономикаға, сол арқылы биоотынға ден қою қажет» деседі.
Шетелдерде биоотын саласының дамуы бірқатар салық преференцияларымен ынталандырады. Ал бізде бұл жүйе енді ғана мемлекеттік деңгейде қолға алына бастады. Ғалымдар ауылшаруашылық қалдықтарынан өндірілген екінші буынды биоотын жылына 3,8 млрд литрді құрап, мұнай импортын 5 пайызға қысқартуға және жылына 350 млн доллар табыс әкелуге, 40 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді деп отыр. АҚШ-та құрамында биоотыны бар бензин өндірушілер үшін бір литр биоэтанолға 13 цент, бір литр биодизельге 25 цент және де қолданылған өсімдік майынан өндірілген биодизельге 13 цент көлемінде салық преференциялар қарастырылған.
Алыс-жақын шетелдерде бидай мен арпа сабағының қалдығынан биоотын дайындау мәселесін көтеріп жатқанда, қазақ даласында иен далада өсіп тұрған кәдімгі ну қамысты биоотынға айналдыру идеясы еліміздің батыс өңірінде, Атырау облысында айтылды. Өткен жылдың аяғында «Ақ қамыс» ЖШС Бас директоры, қазақстандық кәсіпкер Аян Темірәлі кәдімгі ну қамыстан түйіршіктелген биоотын шығару ниетін жария етті. Су жағасында өсіп тұрған ақ қамысты кәдеге жаратып, биоотын шығаратын зауытты іске қосуды көздеп жүрген кәсіпкер 2009 жылдан бері жаңа өндіріс орнының жобасын әзірлеумен айналысып келеді. Атырау облысының Құрманғазы ауданының орталығында қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалау бойынша қоғамдық тыңдау өткізді. Зауыттың техникалық-экономикалық негіздемесін ресейлік «Портал Инжиниринг» АҚБ компаниясы әзірлепті. Ал «ЭкоЭнергия» зауыты (РФ. Псковь қаласы) жергілікті қамыстан түйіршіктелген капсулалардың тәжірибелік үлгілерін дайындап берген. Ел көлемінде ең тұңғыш рет қолға алғалы отырған пилотты жобаға Санкт-Петербургтегі SGS компаниясы әлемдік стандартпен сәйкес келетінін дәлелдеген сапа сертификатын берді. Германия, Швеция, Голландия компаниялары Қазақстанда шығарылатын биоотын өніміне қызығушылығын танытып үлгеріпті. Зауыт құрылысына тапсырыс берген «Ақ қамыс» ЖШС Бас директоры Аян Темірәлі Нидерландыдағы Роттердам портында биоотын өндірісі бойынша өткен Ресей – Голландия халықаралық конференциясына қатысып, Қазақстанда қамыстан түйіршіктелген биоотын шығаратын зауыттың жобасы жөнінде кеңінен әңгімелепті.
Біз кәсіпкер жігіттен қамыстан биоотын шығару идеясы туралы сұраған едік.
Бастама қалай басталды?
Қазақтың даласы ну қамыстан кенде емес. Аян туып-өскен батыс өңірінде жаз қызығы түгесіле салысымен қамыс өртеу науқаны басталатын. Бірде Кореядан оқып келген балдызы қамыстан қағаз жасау идеясын ұсынды. Бірақ қамыстан жасалған қағаз «А-4» форматы тәрізді аппақ емес, сарғыш болып шықандықтан, сұранысқа ие емес. Қағаздың мұндай түрін дайындауды кәсіпкер жігіт тиімсіз деп тауыпты. Себебі бәсекелес көп. Ресейде білім алған жас жігіт ойлана келе ну қамысты ұнтақтап, отын дайындауға бел буды. Идея бар, бірақ оны дайын өнімге айналдыратын орта жоқ. 2010 жылы Мәскеуде биоотын дайындау бойынша халықаралық конгреске қатысады. Конгресте идеясын жүзеге асыратын бір ілік тапты. Арада оншақты күн өткенде қазақтың күннің астында кепкен ақ қамысы вагонға тиелген күйінде Ресейдің Псков қаласына жол тартты. Қазақстаннан жеткен 1 тонна қамыс біраз қиындықтардан соң түйіршіктелген биоотынға айналып шыға келді.
2012 жылдың соңында Атырау облысы, Мақаш ауылдық округының Голбин учаскесінде қамыс шикізатынан жылына 120 мың тонна қатты биоотын тауарын өндіретін зауыттың іргетасы қаланды. Зауыт толық пайдалануға берілгенде жергілікті жерде жыл сайын өртелетін қалың қамыс енді қажетке жарап, аудан бюджетіне пайда келтірмек.
– Қамыстан түйіршіктелген отын өндіретін зауыт құрылысы мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтіп, жергілікті ауа райына зияны жоқтығын дәлелдеген сараптама қағазы алынды. Киот хаттамасы бойынша ауаға шығарылатын көмірқышқыл газының ең төменгі мөлшері 0,7 пайыз болса, біздікі 00,6 пайыз ғана. Экологияға бола алаңдауға негіз жоқ. Алдағы күндерде бұл жерде жоба бойынша жұмыстарымызды жүргізуді бастамақпыз. Құрылыс жобасын жасаған да, оны іске асыратын да Алматы қаласындағы “LIGHTHouse Kazakhstan” ЖШС. Бас менеджері Испания азаматы – Жерардо Баригон. Салынғалы жатқан зауыт құрылысының құны 7,6 млн евроны құрайды. Оған зауыттың қондырғылары, қамысты шабатын үлкен техникалар, тауарды дайындайтын құрал-жабдықтар да кіреді. Нысанның көлемі 10 гектар жерді қамтымақ. Қамыс шабылатын 25 мың гектар жердің актісі жасақталды. Енді бұл зауыт қатарға қосылғанда, негізгі болжам бойынша жылына 210 млн теңге корпоративті табыс салығы төленеді. 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, оларға 60-150 мың теңге көлемінде жалақы белгіленеді. Алла сәтін салса, келесі айда басталатын құрылыс жұмыстарына да 300 адам қатысады. Құрылыс 6 айда бітіп, зауыт пайдалануға берілгеннен соң 3 ай көлемінде толықтай іске қосылып, сынақ мерзімінен өтеді. Осыдан кейін өнімдерімізді шетелдерге шығарып сатуды бастаймыз. Жақын болашақта қазақстандық жылу электр стансалары да біздің өнімдерге сұраныс беріп қалатын шығар, – дейді Аян Темірәлі.
Зауыт құрылысы жұмыстарын Алматыдағы «LIGHTHouse Kazakhstan» ЖШС атқарады. Оның құрылысына жергілікті жерден 200-250-ге жуық адам жұмысқа тартылмақ. Зауыт іске қосылған кезде 100 адам тұрақты жұмысқа алынады. Зауыт құрылысы аяқталған соң үш ай көлемінде толықтай іске қосылып, сынақ мерзімінен өтеді. Осыдан кейін «Ақ қамыстың» түйіршіктелген биоотындары экспортқа шығарыла бастайды. Ал Қазақстандағы жылу электр стансаларының «асқазаны» қатты отын – көмірге лайықталғандықтан, мұндай «жұмсақ, жеңсік асты қорытуға» әзір дайын емес.
– Қазақстандағы жылу электр стансалары осыдан жарты ғасыр бұрын салынған. Бірақ соңғы жылдары көмір емес, мазут, көгілдір отынды қолдана бастады. Көгілдір отын – газды қолданған жерде биоотынды да кәдеге асыру қиын емес. Тек біраз қондырғыларды жаңартса болғаны. Қазір ТМД елдерінде Ресей ЖЭС жаппай газды, жекелеген стансаларды биоотынды қолдануды тәжірибеге енгізе бастады. Шетелдерде биоотын қолданатын жылу электр стансаларына мемлекет дотация береді. Көмірден көмірқышқыл газы 78 пайыз бөлінсе, биоотыннан бөлінетіні 0 пайыз. Мысалы, Швецияда, Нидерландияда кейбір көлік түрлері жанар-жағармаймен емес, биогазбен жүреді. Табиғатта әрбір биоқосындыдан биогаз алуға болатын көрінеді. Ол ағаш ұнтағы, қамыс құрағында, тіпті ағаш жапырағында да болады. Соның ішінде қалдығы аз ағаш ұнтағы екен. Бірақ ағашты өсіріп, одан өнім алғанша біраз уақыт өтеді. Сондықтан ағашқа балама ретінде кәдімгі қамыс таңдалып алынған. Себебі қамыс өсімтал, әрі жерді суландыратын да қасиеті бар,– дейді Аян Темірәлі.
О баста қамыстан дайындалатын биоотын түріне Еуропа елдері де үркіп қараған. Себебі бұрын-соңды мұндай өнім түрін ұсынғандар болмапты. Одан бөлек жылу электр стансаларының қондырғылары өнімнің мұндай түріне лайықталмаған. Басқаша айтқанда, еуропалық жылу жүйелерінің «асқазаны» ондай қондырғыны қорытуға сол кезде дайын болмаған көрінеді. Бірақ арнайы сараптамадан өткізген соң жылу жүйелерінің қондырғыларын қайта жасақтаған. Өнімнің бәрін шетелдерге, соның ішінде Польша, Германия, Швеция, Нидерланды мемлекеттеріне экспорттау жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде осы мемлекеттерге біздің тауарды жеткізіп беретін үш трейдер компаниямен алдын ала сатып алу хаттамасы жасалған. Қамыстан түйіршіктелген отын өндіретін зауыт құрылысы мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтіп, жергілікті қоршаған ортаға зияны жоқтығы дәлелденген сараптама алыныпты. БҰҰ шеңберіндегі Киото хаттамасы бойынша ауаға шығарылатын көмір қышқыл газының ең төменгі мөлшері 0,7 пайыз болса, алдағы жылдың бірінші тоқсанында іске қосылатын зауыттікі – 00,6 пайыз. Бұл қамыстан түйіршіктелген биоотын шығаратын зауыттың экологияға тигізер зардабы болмайды деуге негіз қалайтын секілді. Бүгінгі таңда адамзатты алаңдататын мәселе көбейді. Соның бірі – жаһандық жылыну. Бұл климаттың өзгеруімен тікелей байланысты болып отырғанын ғалымдар жоққа шығармайды. Мұның зардабы орасан болатындығы да әлемнің барша елін алаңдатып отыр.
Ғалымдар не дейді?
Ғалымдар жаһандық жылынуды атмосферадағы парниктік газдар қосындысының артуымен тығыз байланыстырады. Адамзатқа орасан зор зардабы болуы мүмкін осындай көкейкесті мәселелерге БҰҰ алғаш рет 1992 жылы алаңдаушылық білдірген екен. Сол жылы беделі биік, сөзі өтімді бұл ұйым Рио-де-Жанейродағы «Жер саммитінде» климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенцияны қабылдапты. Климаттың өзгеру мәселелерімен күрес жөніндегі жалпы қағидаттар мен шаралар туралы осы құжатқа әлемнің 180-нен аса елі қол қойған. Осы келісімге қосымша ретінде 1997 жылы Киотода парниктік газдардың шығарылуын азайту жөнінде Киото хаттамасы да қабылданды. Ал парниктік газдарды (СО2) шығару деңгейін қысқарту тас көмір, мазут, дизель отыны, бензин секілді дәстүрлі отын түрлерінің алмастырғышы ретінде биоотынды қолдану арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Бізге парниктік газдарды шығаратын отындарды алмастыратын биоотын шығару идеясы осындай әлемдік проблеманың оң шешілуіне үлес қосудан туындады. Айтқандай, Қазақстан да Киото хаттамасын қолдайды. Бұл хаттама біздің елімізде 2009 жылы ратификацияланды. Осыған байланысты халықаралық деңгейде Қазақстан үш маңызды шешім қабылдады. Оның бірі, әрине, Киото хаттамасы аясында Марракеш шешімі болса, екіншіден, Найроби шешімі негізінде Қазақстан үшін 1992 жылғы базалық көрсеткіштер анықталады. Үшіншіден, Познан шешімі аясында Қазақстан өзіне 2008-2012 жылдар аралығында парниктік газ шығарындылары көлемін 1992 жылғы деңгейден асырмау туралы ерікті міндеттеме қабылдаған.
Сөйтіп, біздің елімізде 2020 жылға дейін парниктік газдарды шығаруды төмендету бағытында бірнеше шара қабылданатындығы белгілі болып отыр. Бұл мәселеден әлем елдері де тысқары қалмау ниетін танытқан. Мәселен, Еуроодақ 2020 жылға қарай парниктік газдарды 1990 жылғы деңгейден 20-30 пайызға төмендетуді жоспарлаған. Бұл көрсеткіш Жапонияда 2005 жылдан бері 15 пайызға, Канадада 2006 жылғыдан 20 пайызға, Ресейде 1990 жылғыдан – 15, Украинада 20 пайызға, АҚШ-та 2005 жылғыдан 14-18 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр. Ал Еуроодақ елдері парниктік газдарды 2050 жылға қарай 2009 жылғы деңгейден 80 пайызға дейін төмендетуді көздепті. Біздің елімізде парниктік газдарды шығару 1992 жылғы базалық көрсеткіштер деңгейінен 2020 жылы 15 пайызға, 2050 жылы 25 пайызға төмендетілетіні жоспарланғанын ескерсек, түйіршіктелген биоотынға сұраныстың артатындығы күмән туғызбайды. Аян Темірәлінің айтуынша, «Ақ қамыстың» түйіршіктелген биоотынын жылу-электр орталықтарында пайдалануға болады. Басқаша айтқанда, бұл жылу-электр орталықтарының пештерінде жағылатын мазут секілді, парниктік газды көп шығаратын отынды алмастыруға таптырмайтын отын көзі болмақ. Қазақстаннан алғаш шығарылғалы отырған түйіршіктелген биоотынға Польша, Германия, Швеция, Нидерланды елдерінен қызығушылық болғанына қарағанда, бұл өнім еліміздің экспорттық әлеуетін арттыратындығы даусыз. Демек, бұл өнімнің келешектің қуат көзіне айналатындығы дау тудырмаса керек. Бәлкім, бұл өнімді ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қоюға да болатын шығар.