Жаңалықтар
18.10.2013 11:04:21
Қамыс та кәдеге жарайды. Алматылық өнертапқыш Темірәлі Аян ен далада өсіп тұрған жабайы қамысты отынға айналдырудың жаңа әдісін ойлап тапты. Майдалап, нығыздалған кепкен қамыстан бөлінетін жылу көмірден кем емес көрінеді, күлі де жоқтың қасы. Ең бастысы экологияға зиянсыз.
Мынау қарапайым, далада өсетін қамыстан шыққан өнім. Жанғанда көмір сынды басқа да табиғи отындарды жолда қалдырады. Тасымалдауға да оңай, бағасы да тиімді. Шамамен 1 тоннасы 10 мың теңгені құрайды. Әсіресе, Алматы сынды алып шаһардың экологиясына кері әсерін тигізбейді. Жанғанда күл қалдырмайтын сексеуілге ұқсайды, бірақ сексеуіл сирек кездессе, ал қамыс жылда өседі. Сондықтан да оны пайдалану қай жағынан да тиімді. Қамыстан жасалған бұл отынды алматылық Темірәлі Аян ойлап тауыпты.
Темірәлі АЯН, «Ақ қамыс» ЖШС бас директоры:
- Ауа райына бөлінетін күкірті 00,6 пайыз, киоттық протоколға қарағанда төмен көмірқышқыл газына бөлінетін 0 пайызды көрсетеді. Біздікі газбен бәрімен салыстырғанда төмен болып тұр, көмірқышқыл газының ауа райына бөлінетіндігі.
Кәсіпкер қамысты қиып, оны отынға айналдырғанға дейінгі процесті толықтай патенттеп алыпты. Алдағы жылдың күз айында зауытты іске қоспақ. Зауыт жылына 120 мың тонна тауар шығаруға қауқарлы көрінеді. Бұл 30 мың шаршы метрді 7 ай бойы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Қазірдің өзінде қамыстан жасалған отынға Швеция, Польша, Италия, Германия сынды мемлекеттерден сұраныс түсуде. Зауыт бір жылда 1 млн 350 мың еуро пайда түсіруді көздеуде, ең бастысы 100 адамға жұмыс бермек.
Темірәлі АЯН, «Ақ қамыс» ЖШС бас директоры:
- Еуропа мемлекеттеріне 17-20 млн тонна жылына жағады. Біздің зауыт 120 мың тонна өндірсе, бұл Еуропада жағылып жатқан отынның 0,07 пайызы олар бізден сатып алуға дайын. Себебі, оларға 5 млн тонна жетіспеген.
Өнертапқыш бүкіл Еуропа көз сүзіп отырған өнертабысын дәлелдеп, тиісті құжаттарды алу үшін 1 млн еуроның үстінде қаржы жұмсапты. Тек өнімді патенттеудің өзіне 1 млн теңге шығындаған. Алайда, бұл шығынның орны толады дейді кәсіпкер, тіпті қамыстан дайындалған отынның болашақта елімізде кеңінен қолданысқа ие болатынына сенімді. Қазір Темірәлі 2017 жылы Астанада өтетін Экспо көрмесіне қатысуға дайындалуда.
http://www.youtube.com/watch?v=1JUHF93ysrA
Әлия Алмауытова, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы